Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өз халқынан ұрлау»: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының қамауға алынғанын ел қалай қабылдады? (ВИДЕО)

«Өз халқынан ұрлау»: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының қамауға алынғанын ел қалай қабылдады? (ВИДЕО)

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» топ-менеджерлерінің қамауға алынуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын қазақстандықтар қызу қолдап, әділдік пен заң үстемдігіне қатысты пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, президент қысқа мерзім ішінде сыбайлас жемқорлықты күрт төмендетуге бағытталған жоспар әзірлеуді тапсырып, заң алдында ешкімге жеңілдік жасалмайтынын нақты жеткізген болатын. Атышулы ұстау оқиғасы мен мемлекет басшысының тапсырмасына қатысты тұрғындардың бірі заң алдындағы теңдік пен жауапкершілікке тоқталды:

«Бәріміз Заң алдында теңбіз. Бұл – Отан алдындағы міндет. «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшысына қатысты жағдай – өз халқынан ұрлау деген сөз. Туыстық байланыстары мен жоғары лауазымына қарамастан, адам өз халқының несібесіне қол сұғуға хақысы жоқ. Президенттің сөзімен толық келісемін. «Өзіміздікі», «өзімізге жақындау» және «бөтен» деген бөлінушілік мүлде болмауы тиіс», – деді ол.

Басқа бір тұрғын мемлекетте қосарланған стандарттардың жоқтығын атап өтіп, басшылық қызметтегі тұлғалардың әрбір қадамы құзырлы органдардың бақылауында болуы керектігін айтты:

«Біздің мемлекетте қосарланған стандарттар жоқ, яғни атқаратын лауазымына қарамастан барлығына көзқарас біркелкі, бірдей. Әрбір әрекетіміз, әсіресе үлкен басшылық қызметте отырсаң, құзырлы органдардың жіті назарында екенін есте ұстауымыз керек. Президент өз үндеуімен белгілі бір фактіні ғана айқындап қойған жоқ. Сонымен қатар алдағы басшыларға лауазымдық міндеттерін, қызметтік нұсқаулықтарды, сол қызмет жүктейтін этика мен деонтология талаптарын бұзған жағдайда не болатынын ескертіп отыр», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ қала тұрғындары жемқорлықпен күрес ел беделі мен шетелдік инвесторлардың сенімі үшін аса маңызды екенін жеткізді:

«Президентіміз осындай жемқорлық жайттарын ашып көрсетіп отыр. Егер мына жемқорлар билік басында отырып, ақшаны бақылаусыз қалтасына баса берсе, болашақ болмайды. Президент Қазақстанның беделі туралы сөз болып отырғанын дұрыс айтады. Бізге шетелдік инвесторлар қарап отыр. Азаматтар президентке, билікке үмітпен қарайды. Билік басында өнеге көрсететін, өз жерін, өз халқын сүйетін және ұлттық мүддені қорғайтын лайықты адамдар отыруы керек. Бізде Конституция бар және ол сақталуы тиіс. Елде тәртіп болуы керек», – деді пікір білдірушілердің бірі.

Қоғам өкілдері ірі корпорациялардың халық игілігі үшін құрылғанын еске салып, «Заң мен Тәртіп» қағидатын әр азаматтың сақтауы қажеттігін де тілге тиек етті:

«Самұрық-Қазына» қоры туралы бәріміз білеміз. Бұл – жалпы болашақ үшін, әрбір қазақстандықтың дамуы мен келешегіміз үшін құрылған ірі корпорация. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл адамға сенім артты. Жалпы алғанда, президентіміз еліміз үшін бәріне дайын екенін көріп отырмын. Яғни біз дамып келеміз және президенттің дәл осындай сенімін ақтауымыз керек. Президентіміз: «Заң мен Тәртіп» деп талай рет айтып жүр, оны лауазымына қарамастан еліміздің әрбір азаматы сақтауы тиіс. Мұндай жағдайлар қайталанбауы қажет», – дейді ол.

Сонымен қатар тұрғындар алдағы Құрылыс жылында заңбұзушылықтарға жол бермей, елді халықаралық стандарттар мен Конституцияға сәйкес дамытуға сенім білдірді:

«Біз жемқорлықты жеңуіміз керек. Оның үстіне, келесі жыл Құрылыс жылы болып жарияланды. Бұл ауқымды құрылыс болмақ, ал өкінішке қарай, мұндай салада түрлі заңбұзушылықтар жиі орын алады. Қоғамымызда ешқандай жемқорлық көріністері болмауы тиіс. Неге өз елімізді Заң талаптарына сай, халықаралық стандарттар негізінде дамытпасқа?! Бұл мүмкін екеніне сенемін. Президентті барлық жағынан қолдаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлы тек бірге, жұмыла отырып, Конституцияға сәйкес қуатты мемлекет құра алатынымызды талай мәрте атап өткен болатын», – деп түйіндеді азамат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар