Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі бұрынғы азаматтық некедегі жұбайына тыныштық бермей, қорғау нұсқамасын бұзған 62 жастағы ер адам 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жыл басынан бері Жамбыл ауданындағы белгілі бір мекенжай бойынша отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты полицияға төрт рет шақырту түскен. Тергеу барысында егде жастағы азаматтың бірнеше жыл бойы бұрын азаматтық некеде болған жұбайының үйіне барып, шырқын бұзғаны, отбасы мүшелеріне қоқан-лоқы көрсетіп, тіпті мүмкіндігі шектеулі әйелге күш қолданғаны анықталды.
Бұған дейін де бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, өзіне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылғанына қарамастан, ол заң талаптарын қайта бұзған. Осыған байланысты құзырлы органдар ресми хабарлама таратты.
«Сондай-ақ оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған болатын. Осыған қарамастан, ол бұрынғы азаматтық жұбайына қатысты белгіленген шектеулерді тағы да бұзған. Нәтижесінде ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — деп хабарлады полиция өкілдері.