Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Португалияның Калдаш-да-Раинья қаласында өткен WTA 125 санатындағы турнирдің жұптық сайысында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Alash.kz.
Informsports.kz мәліметінше, финалда Жібек Құламбаева австралиялық Габриэлла Да Силва-Фикпен бірге өнер көрсетті. Қазақстан-Аустралия жұбы шешуші кездесуде Үндістан өкілі Рутуджа Бхосале мен аустралиялық Елена Мичичпен ойнады. Финал тартысты өтті. Құламбаева мен Да Силва-Фик алғашқы сетте 3:6 есебімен қарсыластарына жол берді. Алайда екінші партияда олар ойын барысын өзгертіп, тай-брейкте жеңіске жетті – 7:6.
Турнир чемпионын анықтаған шешуші тай-брейкте қазақстандық-аустралиялық жұп 10:7 есебімен басым түсті. Матчтың қорытынды есебі – 3:6, 7:6, 10:7. Кездесу 1 сағат 50 минутқа созылды.
Жартылай финалда Құламбаева мен Да Силва-Фик чехиялық Габриэла Кнутсон мен германиялық Каролин Вернерді 6:1, 7:6 есебімен жеңген еді.
Сондай-ақ турнир барысында олар Синью Краус (Аустрия) пен Виктория Грунчакова (Словакия) жұбынан 6:4, 6:4 есебімен басым түсті.
Осылайша, Жібек Құламбаева Португалиядағы WTA 125 турнирінің жұптық сынында чемпиондық атаққа қол жеткізді.