Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ауыр соққы… Өткенді қайтара алмайсың…»: Астанада қаза болған баланың анасы күтпеген мәлімдеме жасады

20:30, 29 мамыр 2026

Астанада орын алған қайғылы жол апатынан көз жұмған кішкентай Глебтің анасы әлеуметтік желідегі парақшасында халықты жылатқан әсерлі хат жазды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Орны толмас қасіретке тап болған ана бұл оқиғаға жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі емес екенін айтып, оған ешқандай өкпе-реніші жоқтығын жеткізді. Ол өз жазбасында айналадағы жұртты болған жағдайға біреуді кінәлаудан аулақ болуға шақырып, балалары бар ата-аналарға жүрекжарды үндеу тастады.

Баласынан айырылған ана алдымен қайғыға ортақтасқан оқырмандарына алғыс айтып, ұлының мінезін келесідей төл сөзімен еске алды:

«Шексіз қайғымыз бен орны толмас ауыр қазамызға ортақтасып, көңіл айтқан баршаңызға алғыс білдіремін. Ұлымыз Глебтен айырылып қалдық. Ол өте белсенді, өмірге құштар, пысық, алғыр, қолды-аяққа тұрмайтын бала еді. Өмірді қатты сүйетін, өмір сүруге асығатын...»

Сонымен қатар, ол бұл қасіретке ешкімді айыптаудың қажеті жоқтығын, өткен істің артқа қайтпайтынын айтып, былай деп ағынан жарылды:

«Бұл жағдайға өзіңді де, жүргізушіні де, велосипедті де, өзіміздің салғырттығымызды да кінәлауға болар... Бірақ енді одан не пайда? Жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі емес. Өткенді артқа қайтара алмайсың...»

Жазба соңында қаралы ана бала тәрбиелеп отырған өзге де ата-аналарға үлкен өсиет айтып, әрбір сәтті бағалауға, жақындарына мейірім танытуға шақырды:

«Ең өзекті, өртейтін ауыр соққы – өз балаңды енді ешқашан құшақтай алмайтыныңды, оның көзіне тік қарап тұрып, өзін қаншалықты қатты жақсы көретініңді айта алмайтыныңды, ал оның мұны ести алмайтынын түсіну екен. Бәрі де Жаратушының әмірімен болатын іс. Ешкімді кінәламаңыздаршы, одан да әрбір сәт пен жылы сөздеріңізді қасыңыздағы жақындарыңыз бен туғандарыңызға арнаңыздар. Олардың сіздер үшін қаншалықты қымбат екенін айтып үлгеріңіздер...»

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар