Жангелдин ауылында бір отбасының бірнеше мүшесінің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің ата-анасы куәлік берді. Бұл туралы Ақжайық басылымына сілтеме жасап Alash.kz хабарлады.
Сот барысында алдымен айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемалиев жауап берді. Оның айтуынша, ұлы сабырлы, отбасы үшін жауапкершілік сезімі жоғары адам болған. Әкесі Сұлтанның зиянды әдеттерден аулақ жүргенін, жанжалдан қашқақтайтынын айтты.
– Ол үнемі отбасын ойлайтын, жауапты азамат еді, – деді куәгер.
Сонымен қатар ол ұлын толық ақтағысы келмейтінін, істің ақ-қарасын сот анықтайтынына сенетінін жеткізді.
Сотта әкесі ұлының мұндай ауыр қылмысқа барғанына әлі де сене алмайтынын айтып, қазіргі таңда немерелерінің әртүрлі әлеуметтік мекемелерде тәрбиеленіп жатқанын мәлімдеді.
Жауап алу кезінде Самиғолла Сәрсемалиев ұлы мен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева арасында айтарлықтай жанжалдарды байқамағанын айтты. Оның сөзінше, Сұлтанның әйеліне қол көтергенін немесе дөрекі сөйлегенін көрмеген.
Сондай-ақ куәгер өткен жылдың қараша-желтоқсан айларындағы оқиғалардан хабарсыз болғанын жеткізді. Марқұмдардың туыстары байланысқа шыға алмай жүргенін айтқанда да ол күмәнданбағанын, кейін ғана жағдайдың мән-жайын білгенін айтты.
Кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Әзмұханова тыңдалды. Ол сот сұрақтарына жауап беруден бас тартқандықтан, тергеу кезінде берген айғақтары жария етілді.
Залдан шығар алдында әйел ұлына арнап сөз сөйлеп, оның бес баласының әкесі екенін еске салды.
– Бекем бол. Өмір үшін күрес. Балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын, – деді ол.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша куәгерлерден жауап алу кезеңі өтуде.