Әлеуметтік желіде қыздың жеке видеосының таралуы қызу талқыға түсті, деп жазды Alash.kz.
Әлеуметтік желілерде қазақстандық қыздың жеке сипаттағы видеосы тарап кеткені туралы ақпарат кеңінен талқыланып жатыр.
ТикТок платформасында жарияланған видеода өзін Дина деп таныстырған қыз интернетте өзінің интимдік сипаттағы бейнематериалдарының таралып кеткенін айтып, жұртшылыққа үндеу жасады.
Ол аталған видеолардың көпшілікке арналмағанын және өзінің жеке өміріне қатысты материалдар екенін жеткізіп, пайдаланушылардан оларды әрі қарай таратпауды сұрады.
– Интернетте менің жеке видеоларым тарап кетті. Өтінемін, достарым мен таныстарым, бұл материалдарды таратпаңыздар. Ол контент үшін түсірілмеген, бұл – менің жеке өмірім. Қазіргі уақытта заңгерлерім мен адвокаттарым осы видеоларды заңсыз таратқан адамдарға қатысты шара қолдану мәселесімен айналысып жатыр. Сіздерден түсіністік пен қолдау сұраймын, – деді ол.
Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі қызға қолдау білдірсе, енді бірі жеке өмірге қол сұғу мәселесін көтерді.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, адамның келісімінсіз оның жеке немесе интимдік сипаттағы фото және видеоматериалдарын тарату заңмен жауапкершілікке әкелуі мүмкін.