Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі Мөлдір Мұқан желідегі парақшасында жазба жариялап, өзіне қолдау көрсеткендерге алғысын білдірді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Қайғырғанда бірге қайғырған адам - қуанғанда бірге қуана алмайды екен… Нағыз өмір әлеуметтік желіде емес… Оның сыртында! Қазір өмірімнің бір белесі боп қалатын кезеңдемін! Көп нәрсе түсіндім, бәрін болмаса да, кей дүниені айтқым келеді.
Осы сәтте менімен бірге қуанып, алғашқы туындымның жақсы тұстарын көріп, әндерімнің әдемі ноталарына шаттана билеп, менің әлеумет алдына шыққаныма шын қуанған жандардың көптігін көрдім! Шүкір!
Иә, тілеулестер тек әлеуметтік желіде емес. Басқа толқында өмір сүретін де адамдар бар. “Түймесіне дейін жақсы көремін” деп жазылған жақсы жанның постын оқыған боларсыздар. Сол сияқты, мені шартсыз жақсы көретін жандардың көптігін күнде көріп, жүрегім махаббатқа толып қуана беремін.
Күн сайын келетін хаттар, арнау өлеңдер, жүрекжарды тілектер менің қиындығымды ұмыттырды. Ауыр кезеңді еңсере алдым! Құдайдан амандық, денсаулық пен жаныма адал жандарды тілеп жүрмін!
Бір нәрсе байқадым… Қиналғанда қолдауға бәрі атсалысады! Ал, қуанғанда шын қуана алмайтын адамдар да болады екен. Қиналып тұрған сәттегідей сезім сыйламайды, тіпті үнсіз қалады. “Әрекет еткенің көпке жақпайды, жылағаның керісінше жағып қала ма?” - деген ой келді…
Пікірлердің әр алуан болуы заңды. Еңсемді көтеріп, АЛЛА берген несібемді адалынан алып, күш-қуатым барда, жаныма ләззәт сыйлайтын жұмыспен айналыса беремін. Бастысы, ешкімге зияным тимесін. Өмір ғажап! Көре білейік, ақжүрек оқырмандарым”,- деп жазды Мөлдір Мұқан.