Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Damumed компаниясының қызметінен монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілерін анықтады, деп жазады Alash.KZ. Бұл туралы агенттіктің ресми мәлімдемесінде хабарланды.
Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС-не қатысты жүргізілген тергеу жұмыстарын аяқтаған. Тексеру барысында компанияның «DAMUMED» кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне қол жеткізу және оны техникалық сүйемелдеу қызметтері үшін монополиялық жоғары баға белгілегені белгілі болды.
Ведомство мәліметінше, аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заң талаптарына қайшы келеді.
Іс Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот шешімімен серіктестік 286 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді. Қазіргі таңда бұл айыппұл толық көлемде өндірілгені хабарланды.
Айта кетейік, 2023 жылы Damumed ақпараттық жүйесінің дерекқоры Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің иелігіне берілген. Бұл шешім медициналық ақпараттық жүйелердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданған болатын.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі алдағы уақытта да нарықтағы монополиялық әрекеттерді анықтау және алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.