Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Сегіз күн жансақтау бөлімінде жатып, қайтыс болған” - Кентаудағы газ жарылысы құрбандарының жақындары бар шындықты айтты

15:42, 14 қаңтар 2026

Кентау қаласындағы қымызханада орын алған газ жарылысынан ауыр жарақат алған 20 жастағы Бақдәулет Мұса сегіз күннен кейін ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.

Денесінің 90 пайызын күйік шалған жігітті дәрігерлер аман алып қала алмады. Қаралы хабарды естіген туыстары дәмханада қауіпсіздік шараларының сақталмағанын, тіпті өрт сөндіргіш құралдың болмағанын айтып налиды.

Қайғылы оқиға 1 қаңтар күні болған. Сол сәтте Бақдәулетпен бірге жұмыс істеген сүйіктісі Дана Сағынғалиқызы оқиға орнында қаза тапқан еді. Екі жас осы көктемде шаңырақ көтеруді жоспарлап жүрген екен. Шымкенттегі жоғары оқу орнында оқитын үшінші курс студенті бұл дәмханаға аспаз болып орналасқанына небәрі бір ай ғана болған.

Немересінен айырылған Қалдыкүл Ахметова бақилық болған жігіттің армандары көп екенін айтып, былай деп еске алды:

“Бір жетідей уақыт өтті. Бізге бала жақсы болып қалды деп айтқан соң, оларға сеніп, алаңсыз болдық. Үміт күтіп, беті бері қарады деп қуанып отырған едік. Содан 9 қаңтар күні түнде сағат 11:00-де қаралы хабар келді. Алға қойған мақсаты көп еді. Армандарына жете алмай кетті балам. Жүретін қызымен осы көктем шықса үйленіп бас қосамыз деп еді. Бәрі жақсы болады деп, уайымдамаңыз деп кеткен балам еді. Енді отырысымыз мынау”.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар