Асхат есімді азамат қазақ музыкасының көрнекті өкілі, композитор әрі әнші Ескендір Хасанғалиев туралы көпшілік біле бермейтін естеліктерімен бөлісті. Ол әйгілі өнер иесінің өз атасының жақын досы болғанын айтып, бала күнінде куә болған отбасылық басқосуларды сағынышпен еске алды, деп жазады Alash.kz.
Асхаттың айтуынша, осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын анасы оған Ескендір Хасанғалиевпен бірге суретке түсуді ұсынған. Сол кезде бұл қарапайым ғана суреттің жылдар өте келе өзі үшін қымбат естелікке айналатынын аңғармаған.
«15 жылдан астам уақыт бұрын анам: "Сені Ескендір атамен суретке түсірейін, екеуіңнің бірге түскен бірде-бір фотоларың жоқ қой", – деген еді. Негізі біз жиі кездесетінбіз. Ол менің туған атамның жақын досы болған және мәңгі солай болып қала береді», – деп жазды ол.

Жас жігіттің естелігінше, Ескендір Хасанғалиев жұбайы Дариға апаймен бірге ай сайын олардың шаңырағына арнайы келіп тұрған. Бірнеше отбасының арасындағы бұл дәстүр жылдар бойы үзілмей жалғасқан. Достар алдын ала кездесетін күндерін белгілеп, кезек-кезек бір-бірінің үйіне қонаққа барған.
Мұндай кештер ерекше көңілді өтетін. Дастарқан жайылып, ер адамдар карта ойнап, әйелдер шәй үстінде әңгіме-дүкен құратын. Ал кештің ең есте қаларлық сәті Ескендір атаның ескі пианиноға отырып, ән салуы болған.
«Ескендір ата ескі кеңестік пианиноның алдына отырып, ән шырқайтын. Бұл кештің ажырамас бөлігі еді. Нағыз талант жылдар өтсе де жоғалмайды. Мен оны шынайы өнер иесі, қызықты әңгімелерді керемет жеткізетін, айналасына жақсы адамдарды жинай білетін ерекше тұлға ретінде есте сақтадым», – дейді Асхат.
Оның айтуынша, бала кезінде үлкендердің осындай басқосулары ешқашан тоқтамайтындай көрінген. Ол қонақтардың арасында жүгіріп жүріп, үлкендерге қолғабыс еткен сәттерін әлі күнге дейін ұмытпаған. Кейде карта ойынынан ұтқан ақшаларын балаларға беріп, балмұздақ сатып алуға жұмсауды ұсынатын.
«Ол кезде бұл кездесулердің бір күні аяқталатынын түсінбеппін. Уақыт өте келе басқосулар сиреп, үйді әуенге бөлейтін музыка да бәсеңдей бастады. Кішкентай кезімде қонақтардың арасында жүгіріп, үлкендерге көмектескенім есімде. Кейде карта ойынынан ұтқан ақшаларын маған беріп, "Балмұздақ сатып аларсың" дейтін. Қазір сол адамдардың қаншалықты бақытты болғанын және менің осындай сәттердің куәсі болғаныма қаншалықты жолым болғанын түсінемін», – деп жазды ол.
Асхаттың өзін ерекше толқытқан тағы бір жайт бар. Ол атасының жақын досы болған Ескендір Хасанғалиевтің әйгілі «Сағындым сені» әнінің авторы екенін жақында ғана білген. Әсіресе Құрманай Омарованың орындауындағы әнді тыңдағанда жүрегінде түсініксіз сағыныш сезімі оянатынын айтады.
«Өкініштісі, атамның жақын досы Ескендір Хасанғалиевтің "Сағындым сені" әнінің композиторы екенін жақында ғана білдім. Құрманай Омарованың орындауындағы осы әнді алғаш тыңдағанда жан дүниемде бір таныс сезім пайда болды. Бәлкім, бұл менің ең сүйікті лирикалық әнім шығар. Енді неге осы әнге қайта-қайта оралатынымды, оның маған неліктен соншалықты жақын екенін түсінгендеймін», – дейді ол.
Жазбасының соңында Асхат атасының үйіне жиналатын сол бір ерекше достар ортасын қатты сағынатынын жеткізді. Өкінішке қарай, сол кештердің талай куәгері бүгінде өмірден өткен. Дегенмен олардың арасындағы сыйластық пен бауырмалдық жас жігіттің жадында мәңгі сақталған.
«Шынымды айтсам, атамның үйіне достары жиналатын кештерді қатты сағындым. Олардың көбі қазір арамызда жоқ. Бірақ жүрегімде мәңгі қалады. Білесіздер ме, олар өмірден өткеннен кейін де бір-бірінен алыстамаған. Бар болғаны бірнеше қадам жерде, бір-біріне жақын жатыр. Нағыз достық деген осы», – деп түйіндеді Асхат.
Бұл естелік Ескендір Хасанғалиевтің тек сахнада халықтың жүрегінен орын алған әнші-композитор ғана емес, достары арасында қадірлі, айналасына жылулық сыйлай білген қарапайым жан болғанын да аңғартады. Оның әндері мен артында қалған жарқын бейнесі жақындарының жүрегінде әлі күнге дейін сақтаулы.