Петропавл қаласындағы елімізге танымал макарон фабрикасында орын алған қайғылы оқиғаның мән-жайы толық анықталып, арнайы комиссия жазатайым жағдайға жұмыс берушінің тікелей кінәлі екенін растады, деп хабарлайды Alash.kz.
Еңбек инспекциясы мамандары жүргізген тергеу нәтижесіне сәйкес, кәсіпорын басшылығы қызметкерлерге техникалық қауіпсіздік ережелерін тиісті деңгейде үйретпеген және арнайы нұсқаулық бекітпеген. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің бөлім басшысы Азат Бейсембиннің айтуынша, жабдықты тазалау кезінде өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген:
«Негізгі себеп — қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқытудағы кемшіліктер, атап айтқанда: жұмыс беруші жұмыстарды қауіпсіз жүргізу, қамыр илегішті тазалау жөніндегі нұсқаулықты әзірлемеген. Қамыр илегішті тазалау кезінде жабдықпен жұмыс істеу тәртібі бұзылған», — деді Азат Бейсембин.
Еске сала кетейік, жан түршігерлік оқиға осыдан бір жарым ай бұрын түнгі ауысым уақытында болған еді. Екі қызметкер қамыр илегіш аппаратты тазалап жатқан сәтте құрылғы кенеттен іске қосылып кеткен. Жұмысшылардың бірі қолын тартып үлгергенімен, 35 жастағы екінші азаматты құрылғының қуатты қалақтары ішке қарай тартып әкеткен. Ауыр жарақат алған ер адам кәсіпорында 13 жыл бойы бірге еңбек еткен әріптесінің көз алдында тіл тартпай кетті. Қазіргі таңда еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тиісті тергеу амалдары жалғасуда.