Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті ақталды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті ақталды

Жалған куәлік беру күдігіне іліккен Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті ақталды, деп жазады Alash.kz порталы Yonhap агенттігіне сілтеме беріп.

Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты бұрынғы президент Юн Сок Ёльге қатысты жалған куәлік беру туралы іс бойынша төменгі сот шығарған ақтау үкімін күшінде қалдырды. Осылайша, экс-мемлекет басшысының бұл іс бойынша кінәсіздігі түпкілікті расталды.

Айта кетейік, Юн Сок Ёльге 2025 жылдың қараша айында бұрынғы премьер-министрге қатысты сот процесінде жалған куәлік берді деген айып тағылған болатын. Іс бұрынғы үкімет басшысының сот отырысында айтылған мәлімдемелерге байланысты қозғалған.

Айыптаудың мәні 2024 жылғы 3 желтоқсанда елде әскери жағдай енгізу қарсаңында өткен министрлер кабинетінің отырысына қатысты болған. Юн Сок Ёль сотта Хан Док Су отырыс өткізу туралы ұсыныс айтқанға дейін-ақ министрлерді жинауды жоспарлағанын мәлімдеген.

Алайда арнайы прокурор Чо Ын Сок бастаған тергеу тобы экс-президенттің бұл сөздеріне күмән келтірген. Тергеушілердің нұсқасы бойынша, Юн бастапқыда министрлер кабинетінің алты мүшесін ғана шақырған. Кейін Хан Док Судың ұсынысынан соң ғана отырысқа қатысушылар санын көбейтіп, әскери жағдай енгізу туралы шешімге қажетті кворум жинауға тырысқан.

Бірінші сатыдағы сот та, апелляциялық инстанция да экс-президентті кінәлі деп тануға жеткілікті дәлел жоқ деген қорытындыға келген. Қыркүйек айында апелляциялық сот ақтау үкімін өзгеріссіз қалдырған. Ал 26 қарашада Жоғарғы сот арнайы прокурордың шағымын қанағаттандырмай, бұрынғы шешімді түпкілікті бекітті. Соттың түсіндіруінше, күдік пен күмәннің болуы адамның қылмыс жасағанын дәлелдеуге жеткіліксіз, айыптау тарапы кінәні нақты айғақтармен растауы тиіс.

Дегенмен бұл шешім Юн Сок Ёльге қатысты барлық қылмыстық істердің аяқталғанын білдірмейді. Бұған дейін, 2026 жылдың шілдесінде, Жоғарғы сот тергеушілердің оны ұстауына кедергі келтіргені үшін тағайындалған жеті жылдық бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырған. Ал ақпан айында әскери бүлік ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұл үкімге қатысты апелляциялық процесс жалғасып жатыр.

Осылайша, жалған куәлік беру ісі бойынша Юн Сок Ёль толық ақталды. Бірақ бұрынғы президенттің өзге қылмыстық істері бойынша сот процестері әлі де жалғасуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар