Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дүкеніне барып, 20 рет пышақтаған»: 4 баланың анасын өлтірген адамның жаза мерзімі ұзартылды

«Дүкеніне барып, 20 рет пышақтаған»: 4 баланың анасын өлтірген адамның жаза мерзімі ұзартылды

Ұлытау облысының прокуратурасы Жәйрем кентінде бірге тұрған әйелді өлтірген ер адамның жазасын күшейтуге қол жеткізіп, апелляциялық сот оның бас бостандығынан айыру мерзімін 13 жылдан 17 жылға дейін арттырды, деп хабарлайды Alash.kz.

Прокурор қылмыстың алғашқы біліктілігімен келіспей, апелляциялық өтінішхат жолдаған. Сот айыптау тарапының уәжін қанағаттандырып, ер адамның іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы — аса қатыгездікпен адам өлтіру бабы бойынша қайта саралады, сот қаулысы заңды күшіне енді.

Бұл қайғылы жағдай биыл сәуір айында Жәйрем кентінде болған еді. Төрт бала тәрбиелеп отырған 42 жастағы Айгерімнің қазасына онымен ресми некеге тұрмай бірге тұрған 33 жастағы Абзал кінәлі деп танылды. Марқұмның артында төрт баласы жетім қалды.

Оқиға кезінде қаза тапқан әйелдің әпкесі БАҚ өкілдеріне ер адамның әуелде қамқорлық танытып, кейін қызғаныштан жиі жанжал шығарып, күш көрсете бастағанын баяндаған. Сөзінше, ол тіпті Айгерімнің анасы мен үлкен ұлына да қол көтерген.

Әпкесінің айтуынша, ер адам тұрақты жұмыс істемеген, ішімдікке әуес болған және жүрек ауруымен ауырған. Жеке дүкені мен жалға беретін бірнеше пәтері бар Айгерім отбасын өз күшімен асырап, күйеуінің емделу ақысын да төлеп келген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Айгерім мен оның жақындары полицияға бірнеше мәрте арызданғанымен, марқұмның әпкесінің сөзінше, күдікті көп ұзамай босатылып отырған. Ол бұған ер адамның немере ағасы ықпал етуі мүмкін деп күдік келтірген. Кейін Айгерім бөлектенуге бел буып, далада қалмасын деген ниетпен оны өз пәтерлерінің біріне орналастырған. Алайда осыдан кейін ер адам әйелдің дүкеніне келіп, оған 20 рет пышақ сұғып, қастандық жасаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар