Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумына қатысып, ел дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды Alash.kz.
Вице-Президент Ерлан Қарин форум қорытындысына тоқталып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мәселелері Президенттің ұдайы назарында екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының форумда сөйлеген сөзінен өзі ерекше мән берген он тұжырымды жариялады.
«Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің дәстүрлі форумы өтті. Жиында осы стратегиялық маңызы зор саланың өзекті мәселелері және оны шешу жолдары талқыланды. Ауылды, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – Президенттің ұдайы назарындағы мәселелер. Мемлекет басшысы бүгінгі және болашақтағы күн тәртібіне қатысты бірқатар тақырып бойынша өзінің берік ұстанымын білдірді.
Осы орайда, Президентіміз бүгін сөйлеген сөзінде айтқан, менің ойымша, маңызды он тұжырымды назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.
1. «Құрылыс және тағы да құрылыс». Бұл – біздің құбылмалы, тұрақсыз әлемнің сын-қатерлеріне лайықты жауабымыз. Геосаяси және экономикалық ахуалдың қалай өрбитінін болжап болмайтын осындай күрделі жағдайда мемлекетіміздің және әрбір азаматымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің байыпты әрі ең ұтымды жолы да – осы. Біз біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз.
2. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес, сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, жасампаздыққа бастайтын жаңа құндылықтарды қоғамда орнықтыру – жаңа әрі үлкен жолдың басы ғана. Алда атқарылар іс те, бағындырар белес те көп.
3. Президентіміздің елімізді дамыту жөнінде орта және одан кейінгі мерзімге арналған нақты ойлары мен жоспарлары бар. Қазіргі таңда еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қатысты барлық мәселе шешімін тапты деп айтуға әлі ерте.
4. Елімізге халықтың әл-ауқаты мен ұлт мүддесін жеке бастың пайдасынан биік қоятын шын мәніндегі мемлекетшіл тұлғалар қажет. Дүние-дәулет – өткінші, бірақ, халықтың қамы үшін атқарылған нақты істер, азаматтың жақсы аты әрдайым елдің есінде сақталады. Сол сияқты бой көтерген әлеуметтік нысандар қай кезде де адамдардың, өскелең ұрпақтың игілігіне жарай береді.
5. Халық пен мемлекет игілігі үшін қызмет ету – зор мәртебе. Мұндай мүмкіндік әр азаматқа бұйыра бермейді. Сондықтан, бұл міндетке салғырт қарау – түптеп келгенде, ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін заңға қайшы әрекет.
6. Кешегі жеткен жетістіктер емес, бүгінгі нақты қызмет бағалануға тиіс. Президент кез келген лауазымды тұлғадан, ең алдымен, жеке тәртіп мәселесіне баса мән беріп, адал әрі жинақы болуды, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюды талап етеді.
7. Барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтардың мәнін түсініп, оны берік ұстануға және нақты жүзеге асыруға, Әділетті Қазақстан құру идеясына адал болуға тиіс.
8. Бүгінде жоғары мемлекеттік марапат, сапалы білім, мол тәжірибе ешкімге заң алдында артықшылық бермейді және бұл солай болып қала беруге тиіс.
9. Конституцияда бекітілген «Заң мен Тәртіп» қағидаты – мызғымас ұстаным. Ол атақ-дәрежесіне, қоғамдағы орны мен лауазымына қарамастан барлық азаматқа бірдей қолданылады.
10. Біз азаматтардың табысы мен әл-ауқаты жекелеген тұлғаларға емес, орнықты институттарға байланысты болатын мемлекет құрып жатырмыз», – деп жазды Ерлан Қарин Telegram-арнасында.