Ақмола облысының Аршалы кентінде алкогольдік масаң күйде автокөлік тізгіндеген азамат өз жұбайын қағып кетіп, салдарынан жәбірленуші оқиға орнында тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Облыстық полиция департаментінің алдын ала дерегіне сәйкес, марқұмның күйеуі ішімдік ішкен күйде «ВАЗ-2114» маркалы темір тұлпарды басқарып келе жатып, әйелін қағып кеткен. Ауыр жарақат алған келіншек сол жерде көз жұмды. Оқиғадан кейін күдікті қолға түсіп, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Қазіргі таңда Аршалы аудандық полиция бөлімі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Әзірге ерлі-зайыптылардың жасы, қайғылы жағдайдың нақты қай күні және қай аумақта болғаны, сондай-ақ әйелдің көлік алдына қалай шығып қалғаны туралы толық мәліметтер жария етілген жоқ.