Актер Дархан Мұсаев бұрынғы жұбайы Дариға Бадықованың жаңа фильмін тамашалап, туындының артықшылықтары мен кемшіліктеріне қатысты ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесінің айтуынша, картина арқылы төтенше жағдайлар қызметі мен өрт сөндірушілердің қажырлы еңбегі көрсетіліп, құтқарушылардың мәртебесі едәуір көтерілген:
«Фильмді көріп шықтым. ТЖМ, өрт сөндіру, жалпы барлық құтқарушылардың мәртебесі көтеріліп қалды деп ойлаймын. Ол кісілер басқаның денсаулығы үшін, өмірі үшін өз өмірін қатерге тігетінін керемет жеткізген. Олардың да жеке өмірі бар екенін жақсы жеткізген», – деді Дархан Мұсаев.
Дегенмен актер фильмнің сюжеттік желісіне сын айтып, оқиғаның тым созылып кеткенін де жасырмады:
«Бірақ қысқа, жұмыр дүниені созып жіберген сияқты. Динамика жоқ. Көргенімді айтып отырмын. Актерлық құрам өте мықты», – деп түйіндеді ол.
Сонымен қатар Дархан Мұсаев өзінің де тың кинотуынды таспалағанын айтып, аталған жобаның жуырда көрермен назарына ұсынылатынын жеткізді.