Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Курсант қызға қысым мен қорқыту»: Істі болған Данияр Мейірханға қатысты күтпеген жайт анықталды

«Курсант қызға қысым мен қорқыту»: Істі болған Данияр Мейірханға қатысты күтпеген жайт анықталды

Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай ІІМ академиясында 2023–2024 жылдары қызметтік әдеп талаптары бұзылып, жанжалды жағдайлар орын алды делінген өтініш жария болды, деп хабарлайды Alash.kz SHYNDYK.KZ редакциясына сілтеме жасап.

Құжатта полиция полковнигі Данияр Мейірханұлы Мейірханның қызметтік жолы мен әрекеттері баяндалған. Өтініш иесінің мәлімдеуінше, ол 2023 жылдың желтоқсанында кадр тәжірибесі болмаса да, Академияның кадр және тәрбие жұмысы бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалған. Бірнеше айдан соң осы бөлімді басқарып, 2024 жылдың наурызында саптық бөлім жөніндегі орынбасар қызметіне ауысқан. Анықтама авторы басшылыққа келгеннен кейін оқу орнындағы моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлағанын, кадр, тыл, ғылым және оқу бағыттары бойынша басқа орынбасарлардың болмауынан көптеген мәселенің тікелей сонымен келісілгенін атап өтеді.

Өтініштегі айыптаулардың бір бөлігі қызметкерлерге қатысты қарым-қатынасқа арналған. Құжат иесі косметикалық жөндеу кезінде сылақшы-бояушы болып еңбек еткен егде жастағы әйелдерге тіл тигізіп, қорлағанын, сондай-ақ жүргізушілер, электриктер мен монтаждаушылар сияқты азаматтық мамандарға бейәдеп сөздер айтылғанын алға тартады. Сонымен қатар кездескенде әскери сәлем беру талап етілгені, қол астындағылармен жиі жанжалдасып, байланыстары мен материалдық жағдайын пайдалану арқылы сес көрсеткені және ұжымға кері әсер еткен негізсіз баянаттар жазылғаны баяндалады.

Ең ауыр бөлікте бірінші курс курсантына қатысты жайттар көтерілген. Анықтама авторы полковник пен аталған курсант қыз арасында интимдік қарым-қатынас болғанын, оған ашық қамқорлық көрсетіліп, түрлі мәселесі шешілгенін және бұл жайлы Академиядағы өзге қызметкерлер мен курсанттардың білгенін жазады. Алайда қыз қарым-қатынасты тоқтатуды қалаған соң, оның соңына түсу мен демалыс күндері Академияда тиісті курс пен полковниктің өзі ғана қалған шақта сапқа тұрғызу кезінде жұрт алдында қорлау басталғаны айтылады. Тіпті қыздың көзінше жеке құрам жөніндегі инспекцияға хабарласып, оны оқудан шығаруға негіз болатын жағдайларды сұраған сәт те келтіріледі, бұл өз кезегінде тәртіп пен қорғауға жауапты бөлімшеге деген сенімді әлсіретіп, қысым тетігі ретінде қабылдануы мүмкін екені көрсетіледі. Қысым көрді делінген курсанттың ІІМ басшылығына хат жазуды көздегені де сөз болады.

Бұған қоса, анықтамада бірінші және екінші курс курсанттарымен сапқа тұрғызу кезінде болған жанжалдар, оларды балағаттау мен қорлау жағдайлары сипатталған. Редакция бұл деректердің әзірге расталмағанын, жеке қарым-қатынас, қудалау және оқудан шығару қаупіне қатысты уәждердің бөлек тексеріліп, барлық тараптың пікірі тыңдалуы тиіс екенін ескертеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар