Әнші Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы жұбайы Айжан әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты тараған әңгімелерге жауап беріп, көпшілікке маңызды мәлімдеме жасады. Ол бұрынғы күйеуімен әлдеқашан екі жаққа кеткенін айтып, өзін әншінің қазіргі өмірімен байланыстыра бермеуді сұрады, деп жазады Alash.kz.
Айжанның сөзінше, ажырасу туралы шешімді өзі қабылдаған. Сондықтан желі қолданушыларынан оны төрт баласымен тастап кеткен әйел ретінде көрсетпеуді өтінді. Сондай-ақ бұл таңдауына еш өкінбейтінін жеткізді.
«Бұрынғы жұбайым екеуміздің ажырасқанымызға біраз уақыт болды. Мені ол кісімен байланыстырып, әйелдерінің қатарына қоспауларыңызды сұраймын. Сондай-ақ "төрт баласымен тастап кетті" деген сөздерді жазбаңыздар. Кету – менің жеке шешімім. Оған еш өкінбеймін. Әркім өз адамымен бақытты болсын!» – деп жазды Айжан.
Бұдан бөлек, ол Рүстем Жүгінісовтің қатысуымен жарияланған видеолардағы әйелдерді өзімен шатастырмауды сұрады. Айжанның айтуынша, бұрынғы күйеуінің қазіргі жеке өмірінен толық хабардар емес. Сондықтан әншінің неше әйелі бар екені туралы сұрақтарға жауап бере алмайтынын ашық айтты.
«Алдағы уақытта ол кісімен бірге түскен қандай да бір видеоны көрсеңіздер, ондағы әйел мен емес екенімді ескеріңіздер. "Неше әйелі бар?" деп те сұрамаңыздар. Жартысын білсем де, жартысын білмеймін. Шынымды айтсам, осы әңгімелерден шаршадым. Бұл тақырыпты біржола жабайықшы! Рүстем мен Айжан деген жұп енді жоқ!» – деді ол.
Айжан осы уақытқа дейін ажырасу жайын не себепті жария етпегенін де түсіндірді. Оның айтуынша, жеке өміріндегі мәселелерді көпшілік талқысына салуды жөн көрмеген. Ешкімге ақталып, өз шешімін түсіндіруді де міндет санамаған.
Алайда соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тараған түрлі бейнежазбалар мен алыпқашпа әңгімелердің көбеюі оны үнсіздігін бұзуға мәжбүр еткен.
Айжан бұл оқиғаның болғанына бірнеше жыл өткенін, өзі үшін оның әлдеқашан артта қалғанын атап өтті. Сондықтан өткенді қайта-қайта қозғап, негізсіз болжам тарата берудің қажеті жоқ екенін жеткізді.