Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тұмау мен ЖРВИ белең алды: Елімізде мектеп оқушылары қашықтан оқуға жіберіле ме?

Тұмау мен ЖРВИ белең алды: Елімізде мектеп оқушылары қашықтан оқуға жіберіле ме?

Қазақстанда белгілі бір сыныптағы оқушылардың 30 пайызы немесе одан көп бөлігі жіті респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ) шалдыққан жағдайда ғана білім алушылар қашықтан оқыту форматына көшіріледі, ал қазіргі таңда еліміздегі бірде-бір сыныпта сырқаттанған балалардың үлесі 20 пайызға да жетпеген, деп хабарлайды Alash.kz.

Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова брифинг барысында қазіргі уақытта оқушыларды онлайн оқуға ауыстыруға немесе оларды бір кабинеттен екіншісіне көшіру тәртібін тоқтатуға ешқандай негіз жоқ екенін түсіндірді. Бүгінде мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың сабаққа қатысуы күнделікті бақылауға алынып, таңертеңгілік сүзгі кезінде олардың бойында сырқат белгілерінің бар-жоғы мұқият тексеріледі:

«Сондықтан ата-аналарды ауру белгілері бар балаларын білім беру ұйымдарына жібермеуге шақырамын», – деді Сархат Бейсенова.

Ресми статистикаға сүйенсек, қыркүйек айының басынан бері республика аумағында ЖРВИ жұқтырудың шамамен 1,5 миллион дерегі тіркелген. Соңғы бір аптаның ішінде 133 мыңнан астам азамат осы инфекцияға шалдыққан, алайда бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе төмен. Сонымен қатар жыл басынан бері елімізде COVID-19 індетін жұқтырудың 381 жағдайы анықталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе аз және коронавирустан өлім-жітім тіркелмеген.

Маусымдық індеттің алдын алу мақсатында биылғы эпидемиологиялық кезеңге 2,2 миллион доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынып, бүгінге дейін 2 миллионнан астам қазақстандық екпе салдырып үлгерді. Екпе егу науқаны 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, маусымдық аурушаңдықтың артуына орай барлық өңірде арнайы іс-қимыл жоспарлары әзірленген. Егер жұқпалы аурулар бөлімшелеріндегі төсек-орындардың 85 пайызы науқастарға толса, медициналық мекемелер пациенттерге арналған қосымша орындарды іске қосады. Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласында ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың көбеюіне байланысты қосымша төсек-орындар саны арттырылса, Алматыда балаларға арналған инфекциялық стационарда қосымша орындар ашу туралы шешім қабылданған болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар