Жамбыл облысында басынан ауыр жарақат алып, комаға түскен әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 24 қараша күні Шу қаласында орын алған. Сол күні жергілікті ауруханаға 1976 жылы туған әйел аса ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер жәбірленушінің ауыр затпен соққы алуы салдарынан басынан ауыр жарақат алғанын, миы шайқалғанын және бетінде көптеген көгерген іздер мен гематомалар бар екенін анықтаған. Бұл жайтты жәбірленушінің қызына сүйене отырып жария еткен «НеМолчи.kz» қорының негізін қалаушы Дина Смайылова оқиғаға әйелдің бірге тұратын азаматы кінәлі болуы мүмкін екенін алға тартты. Белгілі болғандай, көру қабілеті бойынша I топтағы мүгедек саналатын ер адам әйелдің жағдайын байқамағанын, жай ғана ұйықтап жатыр деп ойлап, жедел жәрдем шақырмас бұрын шамамен 10 сағат күткенін айтқан.
Қоғам белсендісі полиция тарапынан салғырттық болуы ықтимал екенін меңзеп, бұл жағдайды бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісімен салыстырды. Ол Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, Жамбыл облысының полиция департаментіне және Құрылтай депутаты Снежанна Имашеваға үндеу жолдады:
«Снежанна Имашева, жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз, Бишімбаевтың ісі тағы қайталануда, бұл не, жанр классикасына айналған ба? "Өзі құлап қалды, ес-түссіз жатқанын білмедім, ұйықтап жатыр деп ойладым". Күдіктіні дереу қамауға алу керек!», — деп жазды Дина Смайылова.
Аталған жағдайға байланысты Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме беріп, оқиғаның құқық қорғау органдарының жіті бақылауында екенін жеткізді:
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде, сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы облыстық ПД бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.