Алматының Бостандық ауданында болған өрт салдарынан баспанасы зардап шеккен тоғыз адам қонақүйге орналастырылды. Оларға заңгерлік көмек көрсетіліп, құжаттарын қалпына келтіруге қолдау жасалып жатыр. Қаза тапқандарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп қолға алды, деп жазады Alash.kz.
Оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, шұғыл мәселелердің шешілуін бақылауда ұстап отыр.
Аудан әкімдігі қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасыларына қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының Бостандық ауданында жеке тұрғын үйден өрт шығып, бес адам, оның ішінде кәмелетке толмаған бала көз жұмған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 112 пультіне сағат 03:44-те түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері шақырту түскеннен кейін төрт минут ішінде оқиға орнына жеткен. Алайда сол кезде үйді толықтай жалын шарпыған.
Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді. Оны сөндіруге ТЖД-ның 35-ке жуық қызметкері мен тоғыз техника жұмылдырылды.
Оқиға орнынан бес адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.