Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, көрнекті ғалым, академик Оразақ Смағұлұлының еліне қалдырған соңғы өсиеті жарияланды. Бұл аманатты белгілі баспагер әрі жазушы Бақытжан Бұқарбай көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ғалым өз хатында халқымен қоштаса отырып, бар саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнағанын және Азаттықты көру бақытына ие болғанына шүкіршілік ететінін жеткізген:
«Қымбатты халқым! Сенімен қоштасатын уақыт та келді. Құдай маған ұзақ ғұмыр бұйыртты. Сенің басыңнан өткен қайғы-қасіретті де, қуанышты да бірге көрдім. Азаттығыңды көру бақытына ие болдым. Бар саналы ғұмырымды өзіңе қызмет етуге арнадым. Өткен өміріме өкінбеймін», — деп жазды академик.
Оразақ Смағұлұлы өзінің соңғы аманатында келешек ұрпақтың аштық пен жетімдік көрмей, білімді әрі саналы азамат болып өсуін тіледі:
«Ендігі бар тілегім – сенің бақытың, халқым! Менің буыным көрген азапты сенің келешек ұрпағың көрмесін. Қазақтың бірде-бір баласы аштық пен жетімдіктің зардабын тартпасын. Әрбір перзентіңнің маңдайына бақытты ғұмыр жазылсын. Ұрпағың білімді, саналы, елінің қадірін білетін азамат болсын», — делінген ғалымның хатында.
Өсиет соңында антрополог-ғалым Тәуелсіздіктің баянды болуын сұрап, қазақ халқын бір-бірін сыйлап, ауызбіршілікте өмір сүруге шақырды:
«Құдай қазаққа жар болсын! Қаншама қасіреттен аман алып шыққан халқымды Жаратқан алдағы ғасырларда да өз панасында сақтасын. Тәуелсіздігің баянды, ғұмырың мәңгілік болсын! Бір-біріңді сыйлап өтіңдер, халқым! Бір-біріңнің қадіріңді біліңдер. Бір-біріңнің жақсылығыңа қуанып, қиыншылығыңа ортақтаса біліңдер. Қазақтың қазаққа қадірі артқан сайын, ұлттың ғұмыры ұзара бермек. Менің сендерге деген соңғы тілегім осы. Бақытты бол, халқым! Аман бол, қазағым!», — деп түйіндеді Оразақ Смағұлұлы.