Танымал тележүргізуші әрі журналист Руслан Өтепбай классик жазушы Бейімбет Майлиннің шығармасы желісімен режиссер Ақан Сатаев таспалаған «Күлпәш» фильміне көрерменнің аз барып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, көпшілікті тарихи туындыға қолдау көрсетуге шақырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист өз жазбасында қазіргі таңда жеңіл-желпі комедиялардың қуатты жарнаманың арқасында қомақты қаржы жинап жатқанын, ал ұлт басынан өткен нәубет кезеңді суреттейтін мазмұнды картинаның тасада қалып қойғанын сынға алды:
«Кейбір мағынасы жұтаң комедиялар мықты маркетингтің арқасында жүздеген миллион теңге жинап жатыр. Ал халқымыздың басынан өткен ең нәубетті кезеңді баяндайтын "Күлпәш" фильміне көрермен аз келуде. Кінә кімнен? Жарнамасын дұрыс ұйымдастыра алмаған кино ұжымынан ба, әлде көрерменнің талғамынан ба?», — деп жазды Руслан Өтепбай.
Ол бүгін осындай салмақты туындыларға қолдау болмаса, ертең отандық кинематографиядан сапалы дүние талап етудің өзі орынсыз болатынын алға тартып, ел азаматтарын кинотеатрларға баруға үндеді:
«Егер бүгін осындай мазмұнды туындыларды қолдамасақ, ертең қазақ киногерлерінен сапалы, мағыналы фильм түсіруді қалай талап етеміз? Ағайын, "Күлпәш" фильмі прокаттан алынып қалмай тұрғанда, барып көріңіздер. Балаларыңызды, жақындарыңызды ертіп барыңыздар. Бабаларымыздың басынан өткен қасіретті біз ұмытсақ, ұрпағымыз қайдан білмек?», — деп түйіндеді журналист.