Қазақстандық ақын Арон Атабектің қызы Алма Нұтышева әкесінің қайтыс болғанына бес жыл толуына орай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Ол әкесін қайтыс болғаннан кейін ақтап, ел алдындағы еңбегін мойындауды сұрады, деп жазады Alash.kz.
Алма Нұтышева үндеуінде Арон Атабектің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына саяси баға беруге күш салғанын және Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданы тұрғындарына үйлерін заңдастыруға көмектескенін еске алды.
Оның айтуынша, әкесі азаматтық ұстанымы үшін ұзақ жылдар түрмеде отырып, соққыға жығу, аштық пен қорлыққа тап болған. Ақынның өмірден өткеніне бес жыл өтсе де, қызы оның есімін ақтау жолындағы күресін жалғастырып келеді.
«Бұрынғы биліктің қателігін мойындаңыздар. Халқының қаһарманы әрі шейіт болған азаматтың аруағына тыныштық беріңіздер. Әкемді, тым болмаса, қайтыс болғаннан кейін ақтаңыздар», - деп жазды Алма Нұтышева президентке жолдаған үндеуінде.
Арон Атабек не үшін сотталған?
Арон Атабек 2008 жылғы 5 қазанда 18 жылға бас бостандығынан айрылған. Оған кепілге адам алу, полицейдің өліміне қатысы болу және 2006 жылы Шаңырақ ықшамауданында болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру айыптары тағылған.
Атабек тағылған айыптарды мойындамаған. Осы себепті ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазасын жеңілдету туралы өтініш бермеген.
15 жыл түрмеде отырғаннан кейін, 2021 жылғы қазанда денсаулығына байланысты бостандыққа шықты. Алайда бірнеше аптадан соң коронавирус пневмониясымен жансақтау бөліміне түсті. Арон Атабек 2021 жылғы 24 қарашада 68 жасында қайтыс болды. Алматыда жерленді.