Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Терезеден шықтық. Құжаттарымызды да алып үлгермедік»: Алматыдағы 5 адам қаза тапқан өрт туралы тұрғындар не дейді?

«Терезеден шықтық. Құжаттарымызды да алып үлгермедік»: Алматыдағы 5 адам қаза тапқан өрт туралы тұрғындар не дейді?

Алматыда бес адамның өмірін жалмаған алапат өрттен аман қалған тұрғындар қайғылы оқиғаның қалай болғанын баяндап берді, деп хабарлайды Alash.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

Куәгердің айтуынша, жатақхана үлгісінде салынып, бөлмелері жалға берілетін жеке тұрғын үйдегі тілсіз жау түнгі сағат төрт шамасында байқалған. Есік алдын қою түтін басып қалғандықтан, тұрғындар сыртқа терезе арқылы шығуға мәжбүр болған:

 «Түнгі сағат төрт шамасында терезеден қарасақ, өрт болып жатыр екен. Бірден жинала бастадық. Есікті ашқанымызда қою түтін кірді. Сондықтан терезе арқылы шығуға мәжбүр болдық. Ол кезде біз тұрған бөлікті әлі өрт шарпымаған еді. Терезеден үйдің шатыры жанып жатқанын көрдік», — деді тұрғын.

Өзі де осы баспанада бөлме жалдап тұрған Мерлан Тұрғанбаевтың сөзінше, қаза тапқан бес адам — екі ер адам, екі әйел және төртінші сыныпта оқитын қыз бала осыдан небәрі он күн бұрын Өзбекстаннан көшіп келген:

 «Біз сол үйде тұрдық, жалға алушылармыз. Үйдің бөлмелері жалға берілетін. Қаза тапқан бес адамның екеуі ер адам, екеуі әйел және бір бала. Бала төртінші сыныпта оқитын», — деді ол.

Аман қалған азамат үйде нақты қанша адам тұрғанын және зардап шеккендердің бар-жоғын білмейтінін, алайда өрт кезінде шамамен 10-15 адамның сыртқа шығып үлгергенін және олардың бір бөлігі қонақүйге орналастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ ол үйдің газ қазандығы арқылы жылытылғанын, ал ас әзірлеу үшін іште газ баллоны тұрғанын атап өтті:

 «Үй газбен жылытылатын. Газ қазандығы бар, батарея арқылы жылу берілетін. Ал тамақ дайындау үшін үйдің ішінде газ баллоны тұрған. Өрттің неден шыққанын білмеймін. Оны сарапшылар анықтай жатар. Құжаттарымызды да, заттарымызды да алып үлгермедік. Қазір күтіп отырмыз. Өрттен шамамен 10-15 адам аман шықты», — деді Мерлан Тұрғанбаев.

Айта кетейік, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қызыл жалынды ауыздықтауға 35-ке жуық маман мен тоғыз бірлік техника жұмылдырылып, оқиға орнынан бес адамның, соның ішінде кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған. Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, ал қаза тапқандар мен аман қалғандарға қатысты қосымша деректер әзірге ресми түрде нақтыланбаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар