Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазаққа күлкі керек, тарихы керек емес пе?»: Алагөзова Сатаевтың фильмін айтып, көрермен талғамын сынға алды

«Қазаққа күлкі керек, тарихы керек емес пе?»: Алагөзова Сатаевтың фильмін айтып, көрермен талғамын сынға алды

Танымал продюсер Баян Алагөзова қазақстандық көрермендердің киноға деген көзқарасын сынға алып, отандық киноиндустриядағы өзекті мәселеге назар аударды. Оның пікірінше, ұлттық тарихты, халықтың басынан өткен қасіретті және шынайы өмірді бейнелейтін фильмдерге қарағанда, жеңіл әзілге құрылған комедияларға сұраныс әлдеқайда жоғары, деп жазады Alash.kz порталы продюсердің сөзіне сілтеме беріп. 

Продюсер осыдан үш жыл бұрын шығармашылық тобымен бірге қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – ашаршылық тақырыбына фильм түсіргенін айтты. Алайда бастапқыда туындыны кинотеатрларға шығаруды жоспарламаған. Оның сөзінше, режиссер Ақан Сатаев көрерменге сенім артып, картинаны үлкен экранға шығаруға тәуекел еткен.

«Үш жыл бұрын командамыз ашаршылық туралы фильм түсірді. Оны прокатқа шығарамыз деп те ойламадым. Ақан батылырақ болып, көрерменге үлкен сенім артты. Аудиториямыздың есейіп, талғамы қалыптасуы үшін әлі уақыт керек деп ойлаймын», – деп жазды Баян Алагөзова Instagram парақшасында.

Продюсердің пайымынша, бүгінгі кино нарығында көрерменнің басым бөлігі терең мағыналы, тарихи әрі әлеуметтік мәселелерді көтеретін туындылардан гөрі, көңіл көтеретін фильмдерді таңдауға бейім. Оның айтуынша, ұлттық трагедияны экран арқылы жеткізуге тырысқан режиссерлердің еңбегі кейде комедиялық фильмдердің көлеңкесінде қалып қояды.

«Әріптестерім кино түсіргенде, әр кадрынан шындық, ұлттық мұң мен трагедия сезіліп тұрса да, көрермен күлу үшін комедияны таңдайды. Олар киноға көңіл көтеру үшін келеді: билет сатып алады, күледі де, көргенін ұмытып кетеді», – деп жазды продюсер.

Алагөзованың бұл пікірі қоғамда кино өнерінің міндеті мен көрермен талғамы туралы мәселені қайта көтерді. Бір жағынан, кино – демалыс пен көңіл көтерудің құралы. Екінші жағынан, ол халықтың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттың басынан өткен қасіретті кейінгі ұрпаққа жеткізетін маңызды өнер саласы.

Айта кетейік, Баян Алагөзованың мәлімдемесіне режиссер Ақан Сатаевтың «Күлпәш» тарихи драмасының Атыраудағы көрсетіліміне небәрі он адамның келуі түрткі болған. Режиссердің өзі кинотеатрға барып, залға жиналған көрермендерге алғысын білдірген.

Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген «Күлпәш» фильмі 19 қарашада прокатқа шықты. Картинада ашаршылық жылдарындағы қазақ отбасының ауыр тағдыры, сол кезеңдегі жоқшылық пен адам төзгісіз тұрмыс суреттеледі.

Осылайша, небәрі он көрермен жиналған бір сеанс отандық киноның көрерменмен байланысы, тарихи фильмдерге деген сұраныс және ұлттық өнердің қоғамдағы орны туралы үлкен пікірталасқа себеп болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар