Шымкентте қамқорлығына алған қызын білім ошағына орналастыра алмай сергелдеңге түскен қала тұрғыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, әділдік іздеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Белгілі болғандай, әйелдің сіңлісі өмірден өткен соң артында қалған бір ұл мен бір қыз осы кісінің қарауына өткен. Тұрғын үш жыл бойы түрлі инстанциялардың табалдырығын тоздырып, тіпті телеарналардың араласуымен балаларға қамқоршылық құжатын жақында ғана ресми түрде рәсімдеп алған. Енді балаларды оқыту мәселесі туындағанда, ол шаһар басшысы Ғабит Сыздықбековтің жеке қабылдауына жазылып, жағдайды жеткізген. Әйелдің айтуынша, қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты нұсқау беріп, мәселе сол жерде оң шешімін тапқандай көрінген:
«Әкім білім басқармасының басшысына, қорғаншылық бөліміне тапсырма берді. Бұл қыздың денсаулығында кінәрат бар, диагноз қойылған. Әкімнің қабылдауында "Болды, қызыңыз мектепке қабылданды" деді. Денсаулығын барынша тексеріп, көмектесуді тапсырды», — деді қала тұрғыны.
Алайда қуанышы ұзаққа созылмаған. Араға небәрі бір күн салып, әйел өзінің қамқорлығындағы ұл бала 3-сыныпта оқып жүрген Қайнарбұлақ саяжайындағы мектепке қызын ертіп барғанда, оқу орнының әкімшілігі баланы қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Шағымданушының сөзінше, мектеп басшылығы бұл шешімін әйелдің жоғары жаққа шағымданғанымен байланыстырған:
«Сіз әкімге кіргеніңіз үшін, ушықтырғаныңыз үшін мен сіздің қызыңызды қабылдамаймын" деп шығарып салды», — деп ашынды Шымкент тұрғыны мектеп басшылығының әрекетіне наразы болып.