Аустралия парламентінде көпшіліктің назарын аударған ерекше жағдай болды. Сенатор Фатима Пейман алты айлық қызын құшағына алып, Сенат отырысына қатысты. Ол маңызды заң жобасы бойынша сөз сөйлеп жатқанда, әріптесі кішкентай сәбидің көңілін аулап, онымен «ку-ку» ойынын ойнаған. Бұл көрініс әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп жазады Alash.kz.
Оқиға 24 қарашада интернеттегі қауіпсіздікке қатысты заңнамалық өзгерістер талқыланып жатқан кезде болған. Фатима Пейман Digital Duty of Care заң жобасына қатысты өз ұстанымын білдіріп, пікірталасқа алты айлық қызы Әлияны да ертіп келген.
Сенатор сөз сөйлеп тұрған сәтте оның әріптесі Лидия Торп сәбиді байқап, онымен ойнай бастаған. Ол алақанымен бетін жауып, қайта ашып, бүлдіршіннің көңілін көтерген. Осы бір қарапайым көрініс парламенттегі ресми атмосфераны бір сәтке жылытып жіберді.
Аустралия Сенатының тәртібі бойынша, сенаторларға төрағаның рұқсатымен отырысқа сәбиін алып келуге және оған күтім жасауға мүмкіндік беріледі. Сондықтан бұл жағдай парламент регламентін бұзу болып саналмайды.
Қазақстанда да депутаттар баласымен жұмысқа барған ба?
Қазақстанда да депутат әйелдердің бала күтімі мен қоғамдық қызметті қатар алып жүруіне қатысты оқиғалар болған. Мәселен, 2026 жылдың қаңтарында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимерген сайлаушылармен кездесуге кішкентай баласын ертіп барғанын әлеуметтік желіде жариялаған.
Оның айтуынша, сол күні бала күтушісі ауырып қалғандықтан, баласын қалдыратын адам табылмаған. Ал халықпен алдын ала белгіленген кездесуін кейінге қалдыру мүмкін болмаған. Сондықтан депутат жұмысын баласымен бірге жалғастыруға мәжбүр болғанын түсіндірген. Бұл жағдай да қоғамда қызу талқыланып, бірқатар желі қолданушысы оны қолдаса, енді бірі сынға алған.
Алайда бұл оқиға Аустралиядағы жағдайдан ерекшеленеді: қазақстандық депутат баласын сайлаушылармен кездесуге алып барған, ал Фатима Пейман сәбиімен бірге тікелей парламент отырысына қатысқан.