Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандағы автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына жауапты органдардың бақылауын күшейтуді тапсырды, деп жазады Alash.kz.
Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ өңір әкімдіктеріне жол инфрақұрылымы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкес орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Бектеновтің айтуынша, республикалық және халықаралық маңызы бар трассалар ғана емес, жергілікті жолдардың да сапасы назардан тыс қалмауы керек. Әкімдіктер өз өңірлеріндегі құрылыс пен жөндеу жұмыстарының нәтижесіне тікелей бақылау жасауы қажет.
Премьер-министр жол саласына қажетті қаржының бөлініп жатқанын атап өтті. Ендігі міндет – қаражаттың мақсатты жұмсалуымен қатар, оның нақты нәтижесін және орындалған жұмыстың сапасын қадағалау.
«Қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Енді жергілікті жерлерде қаражаттың дұрыс игерілуіне және, ең маңыздысы, жол жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту қажет», – деді Үкімет басшысы.
Биыл 11 мың шақырымнан астам жол қамтылды
Үкімет мәліметінше, 2026 жылы Қазақстан бойынша 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолында құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал соңғы жеті жыл ішінде республика аумағында жалпы ұзындығы 36,3 мың шақырым болатын жол учаскелері салынып, жаңғыртылып немесе жөндеуден өткен.
Балқаш әуежайы жаңғыртылды
Жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов Балқаш қаласындағы әуежайдың жаңғыртылған нысандарын да аралап көрді.
1967 жылы салынған әуежайға жүргізілген кешенді жаңарту жұмыстары оның қазіргі талаптарға сай жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге бағытталған.
Жобаның негізгі мақсаты – Балқашқа ішкі әуе қатынасын дамыту және туристер үшін өңірдің көлік тұрғысынан қолжетімділігін арттыру.
Жаңғыртылған әуежай Балқаштың туристік әлеуетін дамытуға және қалаға келетін жолаушылар ағынын ұлғайтуға ықпал ететін көлік инфрақұрылымының маңызды нысандарының бірі болмақ.