Астанада жекеменшік тіс емханаларының бірінде 20 жастағы Мұрат есімді жігіт дәрігер салған екпеден кейін көз жұмды, деп жазады Alash.kz.
«Астана қаласы, Кенесары 65 мекенжайындағы «Tem Dent» стоматологиясында Есболған Мұрат Жеңісханұлы жан тапсырды. Айтуларынша, стоматолог аллергопроба жасамай дәрі еккен. Дәріден кейін Мұратты судорога ұстап, жағдайы қиындаған. Соған қарамастан екінші рет тағы да укол салынған. Сол сәтте Мұрат жан тапсырған. Ең қорқыныштысы — уколды АЛЛЕРГОПРОБАСЫЗ практикант салғаны айтылып жатыр. Стоматолог толық бақылау жасамаған. Жақындары әділдік іздеп жүр. Бірақ РОВД бұл істі дұрыс қарамай отыр. Ата-анасына тек 23:37-де хабарласқан, ал оқиға шамамен 21:00–21:30 аралығында болған», – деп жазды «Threads» желісінде Әсел Айжанова есімді қолданушы.
Астана қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растап, тергеудің басталғанын хабарлады.
"Полиция 20 жастағы елорда тұрғынының өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта бірқатар тергеу амалдары басталды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - делінген хабарламада.