Тараз қаласындағы №40 гимназия аумағында мектеп оқушысы биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Бұл туралы Alash.kz агенттігі хабарлады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған оқиға бойынша ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 114-бабы 3-бөлігі — «Абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 10-сынып оқушысы ғимараттың сыртында орналасқан өрттен қашу баспалдағына шыққан. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда оның қоршауда отырғаны, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, төменге құлағаны байқалған.
Оқушы шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған бас миының жарақаты, оң жақ сан сүйегінің сынуы, бұғана сүйегінің сынуы және ішкі мүшелерінің жарылуы диагнозын қойған.
Қазіргі уақытта жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.