Елордадағы «Tem Dent» жекеменшік тіс емханасында медициналық процедура кезінде қайғылы жағдай орын алып, 20 жастағы Мұрат Есболған қаза тапты, деп жазады Alash.kz.
Куәгерлер мен марқұмның жақындарының пайымдауынша, өлімге дәрігерлердің немқұрайлылығы мен кәсіби қателігі себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары ресми тергеу амалдарын бастады.
Оқиға Кенесары көшесінде орналасқан емханалардың бірінде болған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сүйенсек, жас жігітке тиісті аллергиялық сынама жасалмастан белгісіз дәрі егілген. Алғашқы екпеден кейін науқастың денесі тартылып, жағдайы күрт нашарлағанына қарамастан, оған екінші мәрте укол салынған деген ақпарат айтылуда. Сондай-ақ, медициналық манипуляцияны тәжірибелі маман емес, практикант жүргізгені туралы күдік бар.
Емханадағы жағдай туралы желі қолданушысы Әсел Айжанова былай деп жазды:
«Айтуларынша, стоматолог аллергопроба жасамай дәрі еккен. Дәріден кейін Мұратты судорога ұстап, жағдайы қиындаған. Соған қарамастан екінші рет тағы да укол салынған. Сол сәтте Мұрат жан тапсырған. Ең қорқыныштысы — уколды АЛЛЕРГОПРОБАСЫЗ практикант салғаны айтылып жатыр. Стоматолог толық бақылау жасамаған. Жақындары әділдік іздеп жүр».
Бұл жағдайға қатысты Астана қалалық полиция департаменті ресми мәлімдеме жасап, істің бақылауға алынғанын растады:
«Елорданың 20 жастағы тұрғынының өліміне қатысты Астана қаласының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта тергеу іс-шараларының кешені тағайындалды, оның қорытындысы бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады».
Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалып, мамандар өлімнің нақты себебін анықтап жатыр. Марқұмның туыстары оқиға кешкі сағат тоғыз шамасында болса да, емхана қызметкерлері ата-анасына тек түн жарымында ғана хабар бергеніне наразылық білдіруде.