Дональд Трамп АҚШ Конгресіне ресми хат жолдап, Иранға қарсы соғыс қимылдарының тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Alash.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлады.
Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы тікелей қарулы қақтығыс 2026 жылдың 28 ақпанында басталған. Ал 7 сәуірде ол екі апталық атысты тоқтату туралы бұйрық берген. Кейін бұл мерзім ұзартылған.
Ақ үй басшысының мәліметінше, 7 сәуірден бері АҚШ пен Иран қарулы күштері арасында бірде-бір атыс тіркелмеген. Оның сөзінше, 28 ақпанда басталған әскери қимылдар толықтай тоқтатылған.
Сонымен қатар Трамп Таяу Шығыс аймағында АҚШ әскері қала беретінін атап өтті. Бұл шешім Иран тарапынан туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу және одақтастарды қорғау мақсатында қабылданған.
АҚШ Қорғаныс министрлігі Иран мен оған жақын күштерге қарсы әрекет ету үшін өңірдегі әскери күштердің орналасуын қажет болған жағдайда өзгертіп отыратынын жеткізді.
Айта кетейік, 1973 жылғы «Әскери өкілеттіктер туралы заңға» сәйкес, АҚШ президенті Конгрестің рұқсатынсыз шетелде қарулы күштерді 60 күнге дейін ғана пайдалана алады. Трамптың Иранға қатысты осы мерзімі 1 мамырда аяқталған.