Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары «Мне стыдно» шоуының эфирге шықпай қалған бөлімінен тарап кеткен бейнежазбаларды қызу талқылап жатыр, деп жазады Alash.kz.
Алматыда бір жыл бұрын түсірілген бұл эпизодта қонақ ретінде қатысқан рэпер De Lacure (Әнуар Баймұхаев) әйел адамға жасалған зорлық-зомбылық туралы оқиғаны баяндаған. Жоба командасы бұл материалды этикалық нормаларға сай емес деп танып, кезінде жарияламау туралы шешім қабылдаған болатын.
Жанжалдың туындауына жүргізуші Зарина Байболованың басқа бір жобада осы «сәтсіз шығарылым» туралы айтып қалуы түрткі болды. Осыдан кейін сол түсірілімге қатысқан көрермендер Threads пен Instagram платформаларында қонақтың айтқан сөздері сақталған кадрларды бөлісе бастады. Видеода Әнуар Баймұхаев өзінің екі досымен бірге көмек сұрап жатқан әйелді кезіктіргенін айтады. Оның сөзінше, достарының бірі өзгелерді сыртқа шығарып жіберіп, әйелге күш көрсеткен. Рэпер бұл жағдайды кейіннен достарымен бірге келемеж еткендерін де жасырмаған, ал бағдарлама залында отырғандар бұл әңгімеге күліп, қалжыңмен жауап берген.
Болған жағдайға байланысты Зарина Байболова көпшіліктен кешірім сұрап, түсірілім кезінде команданың абдырап қалғанын мойындады. Ол контенттің аморальды сипатына байланысты бағдарламаның толық нұсқасы жарық көрмегенін қадап айтты. Сонымен қатар, рэпер De Lacure әлеуметтік желідегі парақшасында бұл оқиғаның ол 16-17 жаста болғанда орын алғанын және оның сөздері желіде бұрмаланғанын алға тартты. Оның қазіргі нұсқасы бойынша, танысы мен әйел арасындағы байланыс «екі жақты келісім» негізінде болған.
Рэпер Әнуар Баймұхаев өзінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде тақырып таңдауда қателескенін айтып, былай деді:
«Менің айтқан сөздерім пікірлерде бұрмаланған. Бұл оқиға мен 16-17 жаста болғанда орын алған. Біз достарымызбен бірге ол әйелге көмектесуге барған болатынбыз, бірақ соңында танысым мен жәбірленуші арасындағы байланыс екі жақты келісім бойынша болды. Мұндай тақырыпты әңгімеге арқау еткенім үшін кешірім сұраймын, бұл өте сәтсіз таңдау болды».
