Ақтөбе облысының Хромтау қаласында пышақ жарақатын алған ер адамның денесі табылды, деп жазады Alash.kz.
3 мамыр күні Бейбітшілік даңғылында орын алған қайғылы жағдай туралы ақпарат полиция бөліміне келіп түскен. Оқиға орнына жеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері көптеген дене жарақаты бар азаматтың мәйітін анықтады.
Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы қылмысқа күдікті ретінде 22 жастағы ер адамды ұстады. Қазіргі уақытта ұсталған азамат полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, іс бойынша күдіктіден өз кінәсін мойындау туралы жауаптар алынған.
Аталған дерекке қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өлімнің нақты себептерін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу барысы құқық қорғау органдарының ерекше бақылауына алынған.