Көкшетау қаласында екі пәтерлі жеке тұрғын үйден өрт шықты. Бұл туралы Alash.kz Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство мәліметінше, өрттің жалпы аумағы шамамен 120 шаршы метрді құраған. Жағдайды күрделендірген негізгі жайт — өрт сөндірушілер жеткенге дейін үй ішіндегі екі газ баллонының жарылуы болған. Соның салдарынан жалын тез тарап кеткен.
Құтқарушылар шақырту түскен сәттен бастап 40 минут ішінде өртті толық сөндірді. Сонымен қатар үй ішінен көлемі 27 литр болатын тағы екі газ баллоны шығарылып, ықтимал жаңа жарылыстардың алдын алған.
ТЖМ мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына қасақана өрт қою себеп болуы мүмкін.