Алматы қаласының прокуратурасы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты тергеудің жаңа деректерін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ведомство мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша жалғасып жатыр. Бұл бап алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу фактісін қамтиды.
Бұған дейін іс 345-баптың 4-бөлігі бойынша қаралған болатын. Алайда кейін күдіктінің мас күйде көлік басқарғаны анықталып, бап қайта сараланған.
Қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сот сараптамалары тағайындалған.
Сонымен қатар, полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне байланысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты іс тергеліп жатқанын мәлімдеген.
Прокуратура қызметтік тексеру қорытындысы бойынша бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Алайда олардың нақты есімдері жарияланған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы жол апатында бірнеше адам қаза тауып, күдіктінің Zeekr көлігін жеңіл дәрежедегі мас күйде басқарғаны белгілі болған еді. Осы оқиғадан кейін қоғамда үлкен резонанс туып, бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметінен босатылды.