Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан IA дивизионындағы әлем біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасы кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Турнирдің екінші турында отандастарымыз Жапония командасының қақпасына жауапсыз алты шайба соғып, айқын басымдықпен басып озды. Бұл нәтиже қазақстандық хоккейшілерге турнирлік кестедегі көшбасшылық орнын нығайтуға мүмкіндік берді.
Ойын барысында Дінмұхамед Қайыржан, Аңсар Шайхмедденов, Дмитрий Бреус, Роман Старченко және Кирилл Ляпунов тең құрамдағы бәсекеде көзге түссе, Самат Данияр көпшілік басымдығын сәтті пайдаланды. Команданың шабуыл өтінде Артур Гатиятов ерекше белсенділік танытып, үш нәтижелі пас бергені үшін матчтың үздік ойыншысы атанды. Қақпашы Никита Бояркин қарсыластың барлық 16 соққысын қайтарып, өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Қазіргі уақытта екі ойыннан кейін Қазақстан қоржынында алты ұпай бар. Жарыс ережесіне сәйкес, алты қатысушының ішінен оқ бойы озық шыққан екі үздік команда элиталық дивизионға жолдама алады. Ал ең төменгі нәтиже көрсеткен ұжым IB лигасына төмендейді.