Отандық дипломатияның дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті сарапшы, тарихшы әрі дипломат Рүстем Сәлімұлы Құрманғожин дүниеден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұм 1985 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдап, 1986–2013 жылдар аралығында еліміздің сыртқы саясат ведомствосында табанды еңбек етті. Көпжылдық дипломатиялық қызметі барысында ол кеңесші-уәкіл дәрежесіне дейін көтеріліп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға атсалысты.

Дипломатиялық мансабын аяқтаған соң Рүстем Сәлімұлы ғылыми-педагогикалық бағытқа бет бұрып, жас мамандарды даярлау ісіне белсене кірісті. Ол Нархоз университетінің Гуманитарлық мектебінде қауымдастырылған профессор атанып, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында, сондай-ақ KIMEP, AlmaU және UIB жоғары оқу орындарында шәкірттерге дәріс берді. Сонымен қатар ғалым Қазақстан дипломатиясының тарихы мен халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған бірнеше іргелі кітап, монография және көптеген ғылыми еңбектердің авторы ретінде артына мол мұра қалдырды.