Әлеуметтік желілерде тараған белгісіз вирус, ауруханалардың шамадан тыс толып кетуі және гонконг тұмауы туралы қауесеттер шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы медициналық мекемелердегі кезек түсірілген видеолар мен дәрігерлердің контекстен жұлып алынған пікірлерінен кейін туындаған үш негізгі жалған ақпаратты ресми түрде теріске шығарды. Мамандардың айтуынша, елде белгісіз вирустың пайда болуы зертханалық тұрғыда мүлде расталмаған, ал дәрігерлер өз сөздерінде эпидемиологиялық маусымға тән респираторлық инфекциялар, соның ішінде A (H1N1) тұмауы жайлы баяндаған. Сонымен қатар желіде айтылып жүрген гонконг тұмауы — A (H3N2) вирусы ағымдағы маусымдағы Денсаулық сақтау министрлігінің зертханалық тізімінде тіркелмеген. Орталық азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, бұрмаланған деректерді таратпауға үндеді.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мекемелердегі кезекті тұмау мен ЖРВИ-дің маусымдық өршуімен байланыстырып, бұл жағдайды жаңа инфекциямен шатастырмауға шақырды. Мәселен, Алматы қаласында бір апта ішінде ЖРВИ-дің 16 841 жағдайы анықталған, алайда бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе төмен. Жалпы 23 қарашадағы ресми статистика бойынша, қыркүйек басынан бері елде зертханалық түрде тұмаудың 297 дерегі (оның 295-і — A (H1N1), екеуі — В типті тұмау) расталды. Басқа респираторлық аурулар арасында риновирустар, бокавирустар мен аденовирустар басым түссе, коронавирус нұсқаларының ішінен «Стратус» штамы жиі кездесуде. Жалпы алғанда, өткен маусыммен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауыру деңгейі 28,3%-ға азайып, 2 миллионнан астам қазақстандық тұмауға қарсы екпе салдырған.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова 25 қарашада елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін мәлімдеді. Қыркүйектен бері республика бойынша шамамен 1,5 миллион ЖРВИ дерегі тіркелгендіктен, мамандар ата-аналарға ауру белгілері білінген балаларды асқыну мен инфекцияның ұжымда таралуына жол бермеу үшін үй жағдайында қалдыруға кеңес берді. Бұдан бөлек, министрлік кеңсе қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіру және жаңажылдық ертеңгіліктерді өткізбеу жөніндегі сауалдарға да жауап берді. Ал стационарлардың жүктемесіне келсек, 23 қарашадағы мәліметке сай елімізде әзірленген 13 335 инфекциялық төсек-орынның 63%-ы (балалар бөлімшелерінде — 69,4%) ғана бос емес, яғни жалпы республика көлемінде орын резерві жеткілікті, тек жекелеген ауруханаларда жүктеме деңгейі әртүрлі болуы мүмкін.