Әлеуметтік желілерде Абай облысының әкімі Берік Уәлиді дәріптейтін бейнеролик тарады, деп хабарлайды Alash.kz.
Белгілі болғандай, «Әкімге қошемет» деп аталған бұл туынды Мұхтар Түнқатардың «Әкеме қошемет» әнінің әуеніне құрылып, мәтіні қайта өңделген. «Қамқоршым, барым, байлығым әкімім...» деген жолдармен басталатын шығармада өңір басшысының Семей қаласын дамытудағы нәтижелі еңбегі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі ерекше мадақталған. Сонымен қатар ән мәтінінде хакім Абайдың өзі әкімнің қызметке келгеніне қуанар еді деген мазмұндағы тіркестер де кездеседі.
Бейнежазбаны алғашқылардың бірі болып желіге жүктеген асаба Ернұр Қуаныш көп ұзамай жазбаны өз парақшасынан алып тастаған. Дегенмен қолданушылар роликті жүктеп алып, өзара таратып үлгерген. Ал Абай облысы әкімдігінің өкілдері аталған бейнебаянның авторлардың өз бастамасымен түсірілгенін мәлімдеді. Ведомство мамандары видеоны байқаған бойда оны желіден дереу өшіруді талап еткенін жеткізді.