Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейханның ұрпағы өзін ғылыми байқауда дәлелдеуге тура келді

Әлихан Бөкейханның ұрпағы өзін ғылыми байқауда дәлелдеуге тура келді

Қазақ тарихындағы Алаш қозғалысының көсемі, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның ұрпақтары туралы тың дерек елордада өткен ғылыми байқауда белгілі болды, деп жазады Alash.kz.

Астаналық оқушы Әбілмансұр Дос архив құжаттарын зерттеп, өзінің әйгілі Алаш қайраткерімен туыстық байланысын дәлелдеуге тырысты. Жас зерттеуші бабасының өмірі мен саяси қызметіне қатысты тарихи деректерді жинап, арнайы комиссия алдында қорғады.

Елордада «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» атты дәстүрлі байқау өтті. Биыл оған Астана мен Алматы қалаларынан 140 зерттеу жұмысы ұсынылып, олардың ішінен ең үздік 60 жоба ақтық кезеңге жолдама алды.

Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, отбасылық шежірені зерттеуге қызығушылығын арттыру және архив құжаттары арқылы өткен тарихты зерделеуге мүмкіндік беру.

ҚР Президенті архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазиновтің айтуынша, бұл бастама бес жыл бұрын қолға алынған. Содан бері жобаға 350-ден астам оқушы қатысып, өз әулеттерінің тарихын зерттеуге атсалысқан.

«Бұл шараны осыдан бес жыл бұрын мектеп оқушылары арасында Астана мен Алматы қалаларында өткізуді ұсынғанбыз. Соңғы бес жылда жобаға 350-ден астам оқушы қатысты. Жыл өткен сайын байқауға қызығушылық танытатын жастардың қатары артып келеді», – деді Қайрат Әлімғазинов.

Биылғы байқаудың назар аудартқан жұмыстарының бірі – Әбілмансұр Достың зерттеуі. Жасөспірім өзінің Әлихан Бөкейханмен тікелей туыстығы бар екенін айтып, бұл байланысты архив материалдары негізінде дәлелдеуге кіріскен.

Ол зерттеу барысында Алаш қайраткерінің өміріне, саяси қызметіне және Алашорда қозғалысының негізгі мақсаттарына қатысты құжаттарды зерделеген. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханның 1937 жылға дейінгі қызметіне қатысты Мәскеу архивтеріндегі материалдарды қарастырғанын жеткізді.

«Мен Әлихан Бөкейханмен тікелей туысқан болып келемін. Архивтен Әлихан Бөкейханның 1937 жылға дейінгі қызметіне қатысты Мәскеудегі баяндамаларын, сондай-ақ Алашорда партиясының негізгі мақсаты қандай болғанын көрсететін құжаттарды таптым. Осы материалдардың арқасында бүгін байқауда өз зерттеуімді ұсынып, Әлихан Бөкейханмен туыстығымды дәлелдеп, оны қорғап отырмын», – деді Әбілмансұр Дос.

Бір қарағанда, бұл мектеп оқушысының кезекті ғылыми жобасы болып көрінуі мүмкін. Алайда оның ізденісінің маңызы әлдеқайда терең. Өйткені жас зерттеуші дайын ақпаратты қайталап қана қоймай, архив қорларына үңіліп, тарихи құжаттар арқылы өзінің әулеттік тарихын қалпына келтіруге талпынған.

Әлихан Бөкейхан – қазақ мемлекеттілігі идеясының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Оның саяси мұрасы мен Алаш қозғалысының тарихын зерттеу бүгінгі ұрпақ үшін де маңызды.

Ал Әбілмансұрдың бастамасы жас буынның ұлттық тарихқа деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартады. Ең бастысы, ол өз отбасының шежіресін зерттеу арқылы тұтас бір дәуірдің тарихына үңілуге мүмкіндік алған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар