Алматының Бостандық ауданында бес адамның өмірін жалмаған өртке байланысты тың мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған бақылау камерасының жазбасында қызыл жалын тұтанбас бұрын бірнеше минут қалғанда ғимаратқа қара күртеше мен сұр бас киім киген әйелдің кіргені байқалады. Ол үй ішінде аз ғана уақыт болып, сыртқа асығыс шығып кеткен, ал іле-шала баспанадан қою түтін будақтай бастаған.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, тілсіз жау үйдің ішкі жағынан тұтанып, ең алдымен бензин от алғаны анықталды. Осыған байланысты құқық қорғау органдары өрттің қасақана қойылуы мүмкін деген болжамды қарастырып жатыр. Қазіргі таңда полиция бейнежазбаға түсіп қалған әйелдің жеке басын анықтап, оның аталған қайғылы оқиғаға қаншалықты қатысы барын тексеруде.