«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов 26 қараша күні өз еркімен қызметінен кетіп, оның басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігі директорлар кеңесінің шешімімен мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Компания өкілдерінің мәліметінше, өндірістік және басқару процестері штаттық режимде жалғасып жатыр, ал Дархан Сағындықовтың қызметтік міндеттері басшылық құрамындағы өзге мүшелерге бөлініп берілген.
Айта кетейік, бұл — компания басшылығындағы алғашқы ауыс-түйіс емес. Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіптің» коммерция жөніндегі бас директоры Владислав Байғожин мен өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековтің де өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Кейінірек Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қуаныш Омарбековтің және бірқатар өзге де тұлғалардың ұсталғанын растады. Тергеу мәліметінше, олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы құрған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.