27 қараша күні таңертең қазақстандық BilimClass электронды журналында ауқымды техникалық ақау орын алып, педагогтердің тоқсан бойы енгізген үй тапсырмалары жүйеден жоғалып кетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Әлеуметтік желілерде таңертеңнен бері білім беру платформасының жұмысына қатысты ұстаздардың жаппай шағымдары жариялана бастады. Бірқатар педагогтер қосымшаға мүлде кіре алмай қиналса, енді бірі барлық сыныптар бойынша жинақталған үй тапсырмаларының өшіп қалғанын анықтаған. Пікір алмасу барысында өзге әріптестері де дәл осындай жағдайға тап болғанын, тіпті кейбірінде бір емес, екі тоқсанның деректері бірдей жойылғанын жеткізді. Осыған байланысты мұғалімдер жүйенің қалпына келуін күту керек пе, әлде тоқсан басынан бергі тапсырмаларды еске түсіріп, барлық ақпаратты қолмен қайта енгізуге тура келе ме деп алаңдаушылық білдіруде.
Платформа әзірлеушілері жүйеде техникалық ақау болғанын ресми түрде растап, қолданушылардан кешірім сұрады. Олардың түсіндіруінше, уақытша іркілістерге байланысты кейбір пайдаланушыларға қате хабарламалар мен ескертулер жолдануы, сондай-ақ қосымшаға кіру кезінде қиындықтар туындап, бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрінбей қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта мамандар туындаған олқылықты жою және жүйені қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, BilimClass — дәстүрлі қағаз күнделіктер мен мектеп журналдарын алмастыратын отандық білім беру платформасы. Бұл жүйе арқылы мұғалімдер оқушылардың бағаларын қойып, сабаққа қатысуын тіркейді және үй тапсырмаларын жүктейді, ал оқушылар мен ата-аналар сабақ кестесі мен оқу үлгерімін онлайн бақылай алады.