Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Олжас Бектенов Үкімет басшысы болды

09:13, 06 ақпан 2024 321
Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновті тағайындауға келісім берді.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

 Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді.

Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 69-ы оның кандидатурасын қолдап, 7 депутат қалыс қалды.

Бұған дейін Мемлекет басшысына «AMANAT» партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасы ұсынылған еді.

Бектенов туралы не білеміз?

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын үздік бітірген. Мамандығы – «заңгер». 2014 жылы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Еңбек жолы:

Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

2005-2006 жылдары – Премьер-министр Кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.

2006-2009 жылдары – Президент әкімшілігінде қызмет істеді.

2009-2012 жылдары – Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары – Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары – Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президент әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары – Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

2023 жылдың 3 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған болатын.

ІІ дәрежелі «Айбын» (2014) және «Даңқ» (2021) ордендерімен наградталған.

Отбасылы, үш баласы бар.

Фото: Ақорда
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар