2026 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасында 9,4 миллион адам жұмыспен қамтылғанымен, еліміздегі ресми жұмыссыздар саны 445,6 мың адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жұмыспен қамтылған 9,4 миллион азаматтың 7,2 миллионы жалдамалы қызметкерлер болса, 2,2 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 73,3 мың адамға, соның ішінде жалдамалы жұмысшылар 92,3 мың адамға көбейген.
Ал жұмыссыз қалған 445,6 мың азаматтың гендерлік және жас ерекшелігі бойынша құрылымы айтарлықтай ерекшеленеді. Жұмыссыздардың басым бөлігін әйелдер құрайды — олардың саны 245,4 мың адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз болған. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 200,2 мың адамды немесе 3,9 пайызды құрады. Жас санаты бойынша ең көп жұмыссыз 35–44 жас аралығындағы азаматтар (143,3 мың адам). Одан кейінгі орындарда 55–64 жастағылар (96,7 мың) және 45–54 жастағылар (93,9 мың) тұр. Дегенмен жұмыссыздық деңгейі ең жоғары топ ретінде 55–64 жастағылар тіркелді, олардың арасындағы көрсеткіш 8,6 пайызға жеткен. Салыстырмалы түрде алғанда, 16–24 жастағы жастар арасында бұл деңгей 3,2 пайыз, ал 29–34 жастағыларда 2,6 пайыз болған.
Мамандар жұмысқа орналасу көрсеткішіне білім деңгейінің тікелей әсер ететінін алға тартады. Мәселен, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар азаматтар арасында жұмыссыздық деңгейі небәрі 3,3 пайызды құраса, жалпы орта білімі барларда бұл көрсеткіш 10,4 пайызға, ал тек бастауыш білімі бар азаматтарда 14 пайызға дейін жеткен. Сонымен қатар жұмыссыздардың 119,6 мыңының бұрын-соңды еңбек өтілі мүлдем болмаған.
Азаматтардың жұмыссыз қалу себептері де әртүрлі. Атап айтқанда, 126,8 мың адам қызметінен өз еркімен кетсе, 87,2 мың қазақстандық жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоқ екенін көрсеткен. Тағы 65,7 мың азамат отбасылық немесе жеке жағдайына байланысты жұмыс істемейді, ал 52,3 мың адам штат қысқаруы немесе ұйымдардың жабылуы салдарынан табыссыз қалған. Бұдан бөлек, 42,1 мың адам үй шаруашылығымен айналысады, 23,1 мың адамның еңбек шартының мерзімі аяқталған. Сондай-ақ себептер қатарында кәсіпкерлік қызметтің тоқтауы (10,4 мың адам), жұмыстың маусымдық сипаты (9,6 мың) және денсаулық жағдайы (7,9 мың) бар.
Қазақстандықтардың жұмыс іздеуге жұмсайтын уақытына келсек, 145,9 мың адам қолайлы қызмет табуға бір айдан үш айға дейін уақыт жұмсаған. Тағы 93,6 мың азамат үш айдан алты айға дейін, 91,3 мың адам бір айға жетпейтін уақыт аралығында жұмыс іздеп жүр. Ал 84,7 мың қазақстандықтың жұмыс іздеу мерзімі алты айдан бір жылға дейін созылса, 30 мың адам бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс таба алмай жүр.