Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Назарбаев Қазақстанды сотқа берді. Неге?

18:34, 20 ақпан 2023 276
Назарбаев күресі. "Jusan bank"-тен айрылмас үшін зейнеткер өз елін сотқа берді.

АҚШ-та тіркелген "Jysan Holding" компаниясы Қазақстан Республикасының үстінен Невада штатының округтық сотына арыз түсірді. Енді Қазақстан атынан Әділет министрлігі адвокаттар жалдап, осы сот процесіне де шығындалуға мәжбүр болады.

"Jysan Holding" өз кезегінде "New Generation Foundation" қорына қарайды. Бұл қор өткенде ғана "NU (Nazarbayev University) Generation" деп аталатын. Назарбаевтың атын Жусанға қатысты барлық жерден алып тастау операциясы аясында қордың аты өзгерді, оның басшылығынан Қазақстан азаматтары, кезінде Назарбаевтың жанында жүрген көмекшілері Ербол Орынбаев, Аслан Сәрінжіпов, Рүстем Хамзин, Евгений Пан түгел кетіп қалды. Оның орнына басқармаға американ лоббистері келді. 2000 жылдары бізде Білім және ғылым министрі болған Нұралы Бектұрғанов қана қалды. Бірақ ол да АҚШ азаматы. Формалды түрде, Назарбаев та, оның көмекшілері де еш жерде емес, Жусан тақырыбына мүлде қатысы жоқ.

Ал енді ішіне банк те, басқасы да кіретін "Jusan" тобы қандай американдықтардың қолына түсті?

Джоел МакКлири - кезінде АҚШ Президенті Джимми Картердің көмекшісі болған. Кәрім Мәсімовтың "Следующий властелин мира" кітабына рецензия жазған. Қызметі аса қымбат тұрады. Бірақ өте ықпалды лоббист, Жусан банктен айрылған жағдайда Қазақстанның қаржы жүйесіне санкция салу бойынша бастама көтеріп, біздің елді есеңгіретіп тастауға қуаты бар.

Амитабха Мукерджи - Назарбаевтың көп жылдан бергі сыйласы, оның атындағы университетті басқарып отырған Шигео Катсудың әріптесі болып келеді. Дамушы елдерге реформа жасау бойынша кеңес береді. Өзі Дүниежүзілік банкте істейді.

Роберт Армао - әккі саяси лоббист. Оның компаниясы Nike, Microsoft, Coca-Cola сынды алыптарға қажет заң жобаларын Конгресстен өткізіп беруге көмектеседі. Вашингтондағы кез-келген ит Армаоны таниды.

Рон Вахид - ресми түрде ол "New Generation Foundation" басқармасына кірмейді. Бірақ британдық "Jusan Technologies" басшылығында болған. Ол бейресми ЦРУ деп аталып кеткен "Arcanum Global" агенттігінің қожайыны. Кезінде Назарбаевқа Әбіләзовтың бүкіл әлем бойынша жасырылған активтерін тауып беруге көмектескен болатын.

DALA INSIDE инсайдерінің сөзінше, Назарбаев пен "Жусан" қаржылық тобы туралы жазған қазақстандық ақпараттық сайттарды (Orda, Ulysmedia, Nege, ҚазTAГ) хакерлік шабуылмен шырылдатқан да дәл осы "Arcanum Global" агенттігі. Ал қазір журналистерді қорқытып үркіту, оларға шошқаның кесілген басын жіберу, есіктерін пенамен жауып тастау, балаларының суретін жіберу, көліктерін өртеу секілді лас әрекеттердің де дәл осы Жусан тақырыбына тікелей қатысы бар.

Назарбаевқа жұмыс істейтін американдықтар Қазақстандағы "Jusan bank"-тен 387 миллион доллар дивиденд шығара алмай отыр. Заңға енген өзгертулер бойынша, егер банк мемлекеттен көмек алса, сол көмекті қайтармайынша ол қожайындарына дивиденд төлей алмайды. Ал Жусан банк қазақ еліне 2,6 миллиард доллар қарыз. Тек қарызды қашан қайтарады және қайтара ма? Әңгіме сонда. Банк қарызын қайтарғаннан кейін, мемлекеттің онда шаруасы да болмайтын сияқты.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар