Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Неге үнсіз отырсыздар?»: Экс-депутат Абзал Құспан бұрынғы министрлерге үндеу жасады

16:18, 15 қазан 2026

Экс-депутат Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы министрлер Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевке арнайы үндеу жариялап, соңғы кездері қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдіруді талап етті, деп хабарлайды Alash.kz.

Ол өз жазбасында аталмыш тұлғалардың ел үшін атқарған еңбектерін жоққа шығармайтынын атап өтті.

Экс-депутат: 

«Мен Сізді Қазақстандағы цифрландырудың бастауында тұрған, Мемлекет басшысы ерекше сенім артқан, еліміз үшін жаңа саланың дамуына жол ашқан азаматтар ретінде танимын. Еңбектеріңізді бағалаймын, болашақтарыңызға үлкен үмітпен қараймын. Осы уақытқа дейін екеуіңіздің де аттарыңызға бірде-бір сын айтқан емеспін. Депутат кезімде де “болам деген жігіттің белін бу, пайдам тимесе де зияным тимесін” деген ұстанымда болдым», — деп жазды.

Сонымен қатар ол бүгінгі таңда қоғамда орын алып жатқан жағдайларға тоқталды. Абзал Құспанның айтуынша, Яндекс такси қызметіне байланысты жағдайдан кейін отандық «Апару», «Қажет» такси сервистері төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр, әсіресе бұл қазақ тілі ортасында қатаң талқылануда.

Бұл ретте саясаткер:

«Шынымды айтсам, көп нәрсе түсініксіз. Түсінбей отырғандардың бірі мен өзім. Міне, дәл қазір сіздердің ел алдына шығып, жағдайды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін уақыттарыңыз емес пе? Еліміздің цифрлық болашағына жауапты азаматтар осындай сәтте сөйлемегенде, қашан сөйлейді?» — деп ашық сұрақ қойды.

Сондай-ақ ол әріптестеріне деген құрметі әрқашан жоғары екенін, жеке бастарына немесе атқарып жатқан жұмыстарына көлеңке түсіру ойында жоқ екенін жеткізді.

Дегенмен Абзал Құспан ойын қорытындылай келе:

 «Бірақ бір нәрсені түсінбеймін: елге сөздеріңіз керек болып тұрған дәл осы сәтте неге үнсіз отырсыздар?» — деп түйіндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар