Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты атышулы іс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) саласындағы қордаланған жүйелі мәселелерді ашып берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде мәлімдеді. Ведомство өкілдері жаңа қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында мүлік иелерінің бірлестіктерімен (МИБ) арнайы кездесулер өткізілгенін атап өтті.
Осы оқиғаға қатысты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков түсініктеме берді:
«Бұл жағдай мүлік иелері бірлестіктерінің бұған дейін назар аудармаған бірқатар жүйелі мәселелерін көтеріп, айқындап берді. біз мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, мемлекет тарапынан қарастырылған және жылжымайтын мүлік объектілерін тиісті деңгейде ұстауды қамтамасыз ететін тетіктерді түсіндірдік», — деді ол.
Айта кетейік, бұл мәлімдеме Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша өтіп жатқан сот процесі фонында жасалды. Сотта ғимарат бөлігі құлаған тұрғын үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова сотталушылар орындығында отыр. Бұған дейін оған «Міндеттеріне салғырт қарау» бабы бойынша айып тағылып, прокурор оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұраған болатын.
Алайда бұл іс әлі үкім шығару деңгейіне жеткен жоқ. Сот тергеуді қайта жаңартты, сондықтан алдағы уақытта іс бойынша сотталушылардың қатары көбеюі мүмкін.